Тікелей эфир

Бір жарым жасар баланы ұрып-соғу: Қызылордада балабақша қызметкері жұмыстан босатылды

Қызылорда облысының әкімдігі бұл балабақшаға мемлекеттік тапсырыс беруді тоқтатуды ұсынды.

Қызылордада "Нұр-Арай Орда" жекеменшік балабақша-бөбекжайының қызметкері бір жарым жасар баланы ұрып-соққаны үшін жұмыстан шеттетілді. Бұл жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды жергілікті білім басқармасы.

Оқиға қыркүйек айының басында болды, бірақ баспасөз қызметі бұл туралы енді ғана білді. Баланың анасы полицияға арыз жазып, баласын тәрбиешінің 41 жастағы көмекшісі ұрғанын айтқан.

"Тергеу шаралары жүргізілуде. Аталған қызметкер сәуір айынан бері балабақшада мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істеп келген. Қазіргі уақытта жұмыстан босатылған. Балабақшаның құрылтайшысы өз міндеттерін орындай алмаған қызметкер тарапынан құқық бұзушылыққа жол берді, бұл бала құқығын қорғау шараларын орындамау болып саналады", – деп атап өтті мемлекеттік мекеме.

Басқарма "Нұр-Арай Орда" балабақшасына мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруды "орынсыз пайдаланылуына байланысты" тоқтатуды ұсынды. Мәселені тиісті мемлекеттік комиссия қарайды.


Оқи отырыңыз: Елордадағы "Еркетай" балабақшасында тәрбиешілер баланы әжетханаға қамаған


Polisia.kz мәліметінше, арыз негізінде қылмыстық іс тіркеліп, ҚР ҚК140-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

"Тәркіленген бейнежазбалар қылмыстық іске тіркелді. Сот сараптамалары тағайындалды. Сот – медициналық сараптама нәтижесі бойынша баланың "денсаулығына жеңіл зиян" келтірілген. Ал сот-габитологиялық сараптамасының қорытындысы күтілуде. 41 жастағы тәрбиешіге қатысты ІІО-ға келу туралы міндеттеме қабылданды. Сондай-ақ ҚР ҚПК-нің 200-бабына сәйкес облыстық білім басқармасына ұсыныс жолданды", – деп жазылған хабарламада.

Серіктестер жаңалықтары