Алматы қаласында "STOP құқық бұзушылық" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында электр самокаттарын пайдаланушыларға бақылау күшейтілді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Қалада полицейлердің өздері де самокатқа мініп, патрульдеуге кіріскен. Экипаж құрамына учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлері тартылған. Олар әсіресе мектептер маңы мен оған іргелес аумақтарды бақылауға алған.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бір күннің ішінде электр самокаттарын пайдалану қағидаларын бұзудың 70 дерегі тіркелген. Оның ішінде 10 жағдайда кәмелетке толмағандардың самокат басқарғаны анықталған.
"Құқық бұзушылық жасаған жеті пайдаланушының аккаунты бұғатталды. Ал үш баланың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
Полиция өкілдері қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға шақырды.