Тікелей эфир

Биолог ғалым Адай жылқысын сақтап қалудың жолын атады

Оның айтуынша, 2021 жылы біраз Адай жылқысы аштан қырылған.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Нұ­­рышев Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында Адай жылқысын сақтап, оны әлемдік деңгейге таныту бойынша өз пікірін айтты. 

Оның сөзінше, Ауыл шаруашылығы 2008 жылдан бастап ғылыми жобаларды қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін ғалымдар әлемдегі бірегей жылқы тұқымын жасау жөніндегі селекциялық жұмыстан шет қалған. Осыдан кейінгі он үш жылда Адай жылқысының саны кеміп кеткен. 

"Адай жылқысының ерекше қасиеті – Арал-Каспий ой­патының шөлейтті жерінде өмір сүруге бейімделгендігін­де. Соны жете ескермегендік­тен, 2021 жылғы жаздың қатты құрғақшылығында көптеген жануар, соның ішінде талай ғалым-селекционер өз ғұ­мы­рын сарп еткен Адай  жыл­қы­сының біразы аштан қы­рылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми жобаларды қаржыландыруды тоқтатпаған жағдайда ғалымдар мұндай жұттың ауыр зардабына жол бермес еді. Өйткені жұт жылдары бұрын да болған, алдағы уақытта да болмай қоймас", – деді ғалым.


Оқи отырыңыз: Қазақтың "Адай" жылқысының қасиеті заңды түрде бекітілді


Ол қазіргі таңда Адай жылқысын дамытудың жолын да айтты. Оның түсіндіруінше, тығырықтан шығу жолы – "Жайлау – қыстау – жайлау" әдісімен малды жүздеген шақырым жерге апарып жаю. Ол мұны жаңа көшпенділік, немесе неономадизм деп атады. 

"Баяғыда Каспий ойпатынан Орынбор облысының шекарасына дейін баратын, Сағыз, Ембі және басқа өзендердің бойында мал жаятын жеті бағыт болған. Егер біз осыны еліміздің Жер кодексінде ескермесек, құрғақшылық жылдары тағы да жұтқа ұшыраймыз. Шынтуайтында, көшпелі өмір салтының арқасында ата-бабамыз мал басы мен жайылымдардың құнарлылығын сақтап қалды. Ал осындай негіздерді білмеген Африка, Латын Америкасы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің халықтары өздерінің құнарлы жерлерін құлазыған шөлге айналдырып алды, – дейді Мұрат Нұрышев.

Айта кетейік, Мұрат Нұ­­рышев – Адай жылқысы туралы алғашқы докторлық диссертацияны қорғаған ғалым.

Серіктестер жаңалықтары