Тікелей эфир

"Берген ақша, алған пәтер жоқ". Жамбыл облысында "Сенім Недвижимость" салымшылары бас көтерді

Кооператив үн шығармай үйін күтуге кеңес берді.

Жамбыл облысында салымшылар "жарты ақшасын төлесең, жаңа үй алып береміз" деген "Сенім Недвижимость" кооперативіне алданып қалғанын айтады. Кооперативке алды 8 млн, арты 2 млн теңге санап берген. Енді олар ақшасын да, уәде етілген пәтерді де ала алмай жүр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Мен өзім 6 млн теңге салдым. Маған "50 пайызын кооператив төлейді, үйіңді дайындай бер. Кейін бір ай күтесің" деді. Бір ай күтіп барған едік тағы бір ай қосты. Содан осылай 8 айға созылды", – деді Меркі ауданының тұрғыны Лесбек Бейсебаев. 

Прокуратура алдына жиналғандардың айтуынша, "Сенім Недвижимость" бастапқыда жарты ақшасын төлегендерге жаппай үй берген. Ал кейін жарнамаға сеніп барғандар далада қалған. 


Оқи отырыңыз: Mudarabah Capital салымшылары істі бас прокуратура қарауын талап етті


"Іс бойынша түпкілікті шешім қабылданбады. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес, мәліметтерді жария ете алмаймыз. Мұнда процесс қатысушылары ғана кіре алады", – деді Жамбыл облыстық прокуратурасы қылмыстық қорғау басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Асылбеков. 

Ал "Сенім недвижимость" кооперативінің басшылары салымшылардың бұл байбаламын басты ережені бұзу деп санайды. Үн шығармай үйін күтуге кеңес береді. 

"Біздің менталитетімізге сай келмей тұр. Себебі үйді жылдам алғысы келеді. Негізі кооператив үйді жылдам ала алмайды. Адамдар көмектесу үшін бір-бірін өздері шақырады. Біз банк секілді бірге бір қоспаймыз. Тек компания көрсеткен қызмет үшін ақы аламыз", – деді "Сенім недвижимость" Гүлшат Айтжанова. 


Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 4 ірі қаржы пирамидасының салымшылары бас көтерді


Бұл кооперативке мүше болу өте оңай. Тіпті берешек бойынша банкте қара тізімде болсаңыз да кедергі емес. Төлем қабілетіңізді де тексермейді. Тек жарты ақшаңызды құйсаңыз, қалғанын келесі лектегі салымшылардың есебінен үйлі боласыз.

Салымшылар ұйым басшыларынан ақшасын қайтаруды талап етті. "Ақша ақша болғанда қайтарылады" деген жауап жұртты жұбатпайды. Өйткені олар қаржысын қайтару үшін кооперативті жарнамалап салымшы табу керек. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары