Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге келесі жылдың көктеміне дейін мораторий енгізілді. Осыған байланысты вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мораторий аяқталған соң мұнай өнімдерінің күрт қымбаттап кету қаупіне қатысты түсініктеме берді.
Министрдің айтуынша, нарықтағы тұрақтылықты сақтау және сыртқа заңсыз отын шығарудың алдын алу үшін осындай уақытша шара қолданылған.
"Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс біздің өңірге де әсер етті: көрші елде мұнай өнімдері қатты қымбаттап жатыр. Бұған қоса, отынның көрші мемлекеттерге әртүрлі жолмен, түрлі сылтаумен шығарылу қаупі бар. Өкінішке қарай, мұндай жағдаймен тек әкімшілік әдістер арқылы күресу қиын. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, тәуекелдерді азайту жолдарын анықтап жатырмыз", – деді Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.
Вице-премьер Қазақстан мұнай өндіретін ел болғанымен, әзірге мұнай өнімдерімен толық өзін-өзі қамтамасыз ете алмай отырғанын атап өтті.
"Бұл көрші елдер алдындағы міндеттемелер мен кедендік шекаралардың жоқтығына да байланысты. Сондықтан отынның сыртқа кетуін шектеу оңай емес. Біз қазіргі бағаны уақытша сақтап, нарықты мұқият бақылап отыруды жөн көрдік. Себебі бензин бағасының күрт өсуі инфляцияны үдетіп, басқа тауарлар мен қызметтер бағасының да өсуіне себеп болуы мүмкін. Басты мақсат — бағаның күрт ауытқуына жол бермеу", – деді министр.
Жұманғариннің сөзінше, мораторий аяқталғаннан кейін де бензин мен дизель отынының бағасы бірден қымбаттамайды. Үкімет нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстайтын болады.
USD:
515.7 / 518.3
EUR:
604.5 / 608.5
RUB:
6.43 / 6.55