Жаңа тағайындалған Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов өзін қолдағандарға алғыс білдіріп, алдағы мақсаттары туралы айтты.
"Мен өзіме артылған сенімді ақтаймын деп ойлаймын. Депутаттарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді. Бұл тапсырмалар орындалады. Бізге жаңа экономикалық серпін беру керек және шын мәнінде жедел және шешуші шаралар қабылдау қажет. Экономиканың өнеркәсіп, мұнай және басқа да маңызды салаларына баса назар аударылатын болады. Біз отандық өндірісті ынталандыру үшін шаралар қабылдаймыз. Қазақстанда өндірілетін өнімнің үлесін арттыру қажет. Офтейк-контракт жүйесін толығымен іске қосамыз. Біздің басты міндетіміз – отандық бизнесті қолдау", – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін оңтайлы және тиімді пайдалану маңызды екеніне тоқталды.
Оқи отырыңыз: Президент Бектенов туралы: Өте білімді әрі еңбекқор адам
"Біз су ресурстарымен қамтамасыз ету, энергия үнемдеу бойынша белсенді жұмыс істейтін боламыз. Көлік саласын дамытамыз. AI және жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеміз. Біз заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдаймыз. Басқа да өзекті мәселелер әрқашан үкіметтің назарында болады. Үкімет ел игілігі үшін және еліміздің дамуы үшін жұмыс істейтін болады", – деді ол.