Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша жамағатты ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақыштармен өткізуге, игі бастамаларымызға белсенді түрде атсалысуға шақырды, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
"Жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамамда қос ұлық мейрамдарымыз – Құрбан айт пен Ораза айтты дәстүрімізге сай қоғамдық деңгейде атап өту қажеттігін жеткіздім. Алла қаласа, айт күндері "Құрбан айт – ұлық мереке" тақырыбында республикалық деңгейде игі іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылады. Жер-жерде мәдени-рухани кештер өткізіледі. Осы ретте еліміздегі барша жамағатты ұлттық киімдерімізді киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай ұлттық нақыштармен өткізуге, игі бастамаларымызға белсенді түрде атсалысуға шақырамын", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еске салайық, Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасының мәжілісінде биылғы Құрбан айт күндерінің мерзімі бекітілді. Оған сәйкес, 26 мамыр – Арапа күні, ал 27 мамыр – Құрбан айттың бірінші күні болып нақтыланды.
Арапа күні ораза тұту – сүннет.

