Түркияда Дүниежүзілік ислам ғұламаларының жоғары кеңес саммитінде ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.
Бас мүфти әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен соғыстар, діни алауыздықтар мұсылман әлемін айналып өтпегеніне тоқталды. Соның бірі ретінде ол Палестинадағы қақтығысқа алаңдаушылық білдірді.
"Қасиетті Құдыс жерінде, атап айтқанда Ғазза секторындағы бауырларымыздың басына келген сынақ – бізге де қатысы бар сынақ деп айтар едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын – Құдыс жеріндегі қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреді және мәселенің бейбіт жолмен шешілуін тілейді", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оқи отырыңыз: "Қазақ халқы қажы адамнан бата алуға асыққан". Бас мүфти Меккеде баяндама жасады
Ол Қазақстан палестиналықтардың өзін-өзі анықтауға және астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан 1967 жылғы шекарада халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін құруға заңды құқықтарын толық қолдайтынын мәлімдегенін атап өтті.
"2023 жылың 24 қазаны күні 12 араб мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына арнайы келіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Палестинадағы жағдайға қатысты айтқан сөзін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Палестинадағы қантөгіске қатысты ресми ұстанымын жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді. Біз жер бетіндегі әрбір мұсылман өзінің тарихи Отанын, жерін қорғауы тиіс және оған мұсылман әлемі қолдау көрсетуі қажет деген ұстанымдамыз", – деді бас мүфти.