Қазақстанда зейнет жасындағы және зейнетке шығуға жақын азаматтарға несие рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді олар онлайн форматта несие ала алмайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Несие алу үшін банкке жеке баруы керек
Ұлттық банк басшысының айтуынша, жаңа талапқа сәйкес зейнет жасындағы және зейнетке шығуға жақын азаматтар несиені тек банк бөлімшесіне жеке барып рәсімдей алады. Егер банк қызметкері клиенттің алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін деп күмәнданса, несие беруден бас тартуға міндетті болады.
Мысалы, азамат үнемі телефонға қарап, біреудің нұсқауын орындап тұрғандай көрінсе немесе не үшін несие алып жатқанын нақты түсіндіре алмаса, банк өтінімді мақұлдамайды.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, соңғы уақытта телефон және интернет алаяқтары көбіне егде жастағы азаматтарды алдап, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеуге итермелейтін жағдайлар жиілеген. Сондықтан жаңа талаптардың негізгі мақсаты – зейнеткерлерді қаржылық алаяқтықтан қорғау және олардың ақшалай шығынға ұшырауына жол бермеу. Жаңа талаптардың орындалуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылауға алады.