Тікелей эфир

Баланы 1-сыныпқа беруге құжат өткізу 1 сәуірде басталады. Қажет құжаттар тізімін ұсынамыз

Болжам бойынша 2022-2023 оқу жылы 420 мың оқушы бірінші сыныпқа барады.

БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Кәрімова 2022-2023 оқу жылы 1-сыныпқа қабылдау тәртібін түсіндірді. 

2022 жылы 1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізіледі. 

1-сыныпқа 6 жастан бастап балалар ата-анасының немесе білім алушылардың заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады.

Қажет құжаттар тізімі:

  • баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық паспорты;
  • 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат (екпе картасы);
  • 3х4 көлеміндегі фотосуреттің екі данасы.

1-сыныпқа қабылдау электрондық үкіметтің Еgov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.


Оқи отырыңыз: Kids Go Free: Сәуірде қандай турларға балаларға билетті тегін алуға болады?


"2022-2023 оқу жылына арналған болжам бойынша 420 мың оқушы бірінші сыныпқа барады. Былтыр мектеп табалдырығын аттаған оқушылар саны 395 мың болған еді. Қазақ тілінде білім алатын оқушы саны – 273 690, оқушылардың жалпы санының 65,3 пайызы", – деді Гүлмира Кәрімова. 

Ал 11-сынып түлектерінің жалпы саны – 176 725 адам.

Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы туралы. 2022-2023 оқу жылына мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы дарынды балаларға арналған 71 мектепте жүзеге асады.

Үміткерлердің құжаттарын қабылдау ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 1 сәуірі аралығында www.qabyldau.daryn.kz порталы арқылы жүргізіледі.


Оқи отырыңыз: Алматы іргесіндегі "асыл армандық" 3 мың оқушы басқа елді мекендерге қатынап оқуға мәжбүр


Конкурс "Дарын" орталығы белгілеген мерзімде бекітілген кестеге сәйкес 15 – 30 сәуір аралығында өтеді.

Мамандандырылған білім беретін ұйымдары 5, 6, 7 сыныптың оқушыларын қабылдайды.

5-сынып оқушылары 40 сұраққа жауап береді:

  • математика және логика –  30 сұрақ,
  • оқу сауаттылығы – 10 сұрақ.

Тестілеуге бөлінген уақыт – 60 минут.

6-сынып оқушылары 60 сұраққа жауап береді.

  • математика және логика – 35 сұрақ;
  • оқу сауаттылығы – 15 сұрақ;
  • Қазақстан тарихы – 10 сұрақ.

Тестілеуге бөлінген уақыт – 90 минут.

7-сыныпқа түсушілер 75 сұраққа жауап береді:

  • математика және логика – 55 сұрақ;
  • оқу сауаттылығы – 10 сұрақ;
  • Қазақстан тарихы – 10 сұрақ.

Тестілеуге бөлінген уақыт – 120 минут.

"Мың бала" олимпиадасы бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына бөлінген квота саны 10%-ды  құрайды. Мамандандырылған мектепте білім алатын бастауыш сынып оқушысы орта мектепке емтихансыз өтеді.

Қабылдау конкурсы www.qabyldau.daryn.kz платформасы арқылы жүргізіледі.


Оқи отырыңыз: Білім вице-министрі: Магистратураға қабылдауда оқу орындары өз емтиханын өткізе алады


"Іріктеу конкурсы электронды форматта өткізіледі. Оқушыларды мамандандырылған мектептерге қабылдаудың ашықтығын, әділдігін қадағалау үшін электронды платформаның көмегімен прокторинг жүйесі қолданылады. Ғимаратта, аудиторияларда және конкурстық іріктеу өткізілетін орындарда бейнебақылау және аудио жазба жүйелерін қамтамасыз етеміз. Үміткер тапсырмаларды аяқтаған соң кезекші IТ маман жауап бланкілерін сканерлейді. Сканерлеу – нәтижелерді автоматты түрде өңдеу үшін серверге жіберу – қорытынды хаттамаларды қалыптастыру – қорытынды хаттаманы жүктеп алу qabyldau.daryn.kz сайтында  автоматты түрде іске асады. Сондай-ақ тест нәтижесі "Талапкер сауалнамасы" жеке кабинетінде жарияланады", – деп түсіндірді комитет төрайымы. 

Сканерлеу аяқталғаннан кейін IТ маман барлық жауап бланкілерін (шимай парақпен бірге) мөрлеп, оны "Дарын" РҒПО-да сақтау үшін ұйымдастыру комитетінің өкіліне береді.

"Конкурс кезінде академиялық адалдық қағидаттарын қамтамасыз ету үшін "Adaldyq alańy" жобалық кеңсесінің, ата-аналар комитетінің, білім сапасын қадағалау департаментінің өкілдері және журналистер шақырылады", – деп қосты Гүлмира Кәрімова. 

Конкурстық іріктеудің тікелей бейнекөрсетілімі болады, осылайша ата-аналар қауымы процестің ашықтығын бақылай алады.

Серіктестер жаңалықтары