Алматы облысында ауыл баласының санасына сәуле түсіріп, кітапқа деген құштарлығын оятқан "Балалықтан – даналыққа" атты бірегей бастама өз мәресіне жетті. Райымбек ауданындағы 22 білім ошағын түгел қамтыған бұл рухани эстафета жарты жыл бойы 5 мыңнан астам оқушының басын қосып, нағыз өрелі бәсеке алаңына айналды.
Жобаның басты мұраты – ауылдағы зерек те дарынды өрендердің бағын ашып, кезінде осы топырақтан түлеп ұшқан Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Сағат Әшімбаев, Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділов сынды ұлтымыздан шыққан дара тұлғалардың ізбасарларын тәрбиелеу.
Алты ай бойы білім таразысына түскен 5 мың үміткердің ішінен суырылып шыққан ең озық кітапқұмар 50 оқушы жеңімпаз атанды. Жастардың білімге деген ынтасын өсіру мақсатында ұйымдастырушылар арнайы мәдени-танымдық тур өткізді. Төрт күнге созылған мағыналы сапарда оқушылар Алматының басты мәдени ошақтарын аралап, одан ары рухани астанамыз – киелі Түркістан шаһарына жол тартып, тарихи-мәдени орындармен танысып қайтты.
"Бұл жобаны қолға алғанымызға жарты жыл болды. Негізгі көздегеніміз – өз өңірімізді, ел мен жерді сүйетін ұлтжүрек азаматтарды тәрбиелеу болатын. Алғашында өз ауданымызды "кітап оқитын өңірге" айналдырсақ, білім арқылы ауылдың еңсесін көтеріп, зияткерлік потенциалын арттырсақ деген ізгі ой еді. Бақытымызға орай, бұл бастама бір өңірдің шеңберінен шығып, бүкіл қазақ баласына пайдасы тиетін ауқымды жобаға айналды. Қазіргі таңда бұл идеямызға Сәкен Майғазиев бастаған өнер мен зиялы қауым өкілдері үлкен қызығушылық танытуда. Тіпті еліміздің өзге облыстарынан да "осындай игі шараны өзімізде өткізсек" деген ниеттегі ағаларымыз хабарласып жатыр. Әрине, бәрі оңай болған жоқ. Алғашында халықты сендіру, демеушілер табу жағынан біраз қиындықтар кездесті. Алайда, шүкір, елдің намысы оянып, ісіміз оңға басты", – деді жобаның ұйымдастырушысы, этнограф Ернұр Сағатбек.
Ауқымды бастаманың салтанатты қорытынды кеші Алматыдағы іргелі қара шаңырақ – "Ғылым ордасында" өтті. Меймандар қатарында Бекжан Тұрыс, Еркебұлан Дайыров, Қайрат Жолдыбайұлы, Назым Қызайбай, Сәкен Майғазиев, Шыңғыс Мұқан, Елдос Тоқтарбай және Рая Қадыр болды.
"Жобаның басты авторы – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыбастау ауылының тумасы Айдар Мәсімғазы. Бастаманың берген жемісі мол. Ауылда соңғы жылдары кітап оқу мәдениеті сәл саябырсып қалғаны жасырын емес. Ал бұл сайыс оқушылардың көзін ашып, ішкі дүниесін байыта түсті. Кеудесінде кішкентай болсын үміт оты бар, бірақ ашыла алмай жүрген балалардың бағын жандырдық деуге болады. Жеңімпаз атанған 50 баланы Түркістан сапарына апарғанда олардың көзіндегі алаулаған отты көріп қуандық. Қазір олар "ендігі жобаны бірге жүргізейік" деп өздері белсенділік танытып тұр", – деді Ернұр Сағатбек.
Оқи отырыңыз: Астанада "4739" деректі фильмінің премьерасы болды