Атырау облысы Алға ауылының тұрғындары жаңа оқу жылы қарсаңында балаларын ескі мектепке жіберуден бас тартты. Ата-аналар ондаған жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселені тағы көтеріп, білім беру нысанының жағдайына наразылық білдірді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғындардың айтуынша, жарты ғасыр бұрын салынған мектептің тозығы жеткен. Ғимараттың қабырғалары жарылып, сылағы түсіп жатыр. Төбесі де ескірген. Бұған қоса, мектепте оқушыларға қажетті бірқатар кабинет пен инфрақұрылым жоқ.
Ата-аналардың сөзінше, мектеп ғимараты оқушы санына шақталмаған. Қазір 320 орынға есептелген білім ошағында 500-ге жуық бала білім алады. Орын тапшылығына байланысты акт залы мен киім ауыстыратын орындар да сынып ретінде пайдаланылып отыр. Кейбір сыныптарда бірнеше оқу орны біріктіріліп, балаларға орын жетіспейді.
"Актовый залды класс қылып жіберді. Раздевалка, тренировка класын да сынып қылып, соның ішінде сыйыстырып отыр. Екі-үш класты біріктіріп, бір балаға арналған орын тапшы. Канализациялары дұрыс жұмыс жасамайды. Ыстық жерде отырса, сабақты тыңдамайды. Желпініп, сүртініп отырады. Баланың психологиясына да әсер етеді", – деді Алға ауылының тұрғыны Ғабиден Смағұл.
Тұрғындардың айтуынша, мектепте асхана, кең спорт залы және арнайы пәндерге арналған кабинеттер де жоқ. Қыста ғимарат суық, жазда іші ысып кетеді. Алға ауылының тұрғындары мектептің жағдайы балалардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды.
"320 орындық мектепте 500-ге жуық бала оқып жатыр. Сыймайды. Өте қиын жағдай. Ремонтпен істеп келе жатыр. Бірақ қазіргі заманға сай кабинеттер жоқ. Спорт зал тар, акт залы жоқ. Еңбек кабинеті, технология кабинеттері болуы керек. Ол да жоқ", – деді ауыл тұрғыны Ғабиден Әбдешов.
Жергілікті билік мәселенің бар екенін мойындап отыр. Алға ауылдық округінің әкімі Расул Мусиннің айтуынша, мектептегі орын тапшылығы бойынша тиісті басқармаға ұсыныс берілген.
"Баланың сыйымдылығы қынжылтып тұр. Мектеп тар. Кабинеттер стандарттарға келмей жатыр. Сол бойынша сұраныс бердік. Құрылыс басқармасына салалық қорытынды дайындап, 300 орындық жаңа мектеп салуға келесі жылға жоба жасақтап жатырмыз. Биылғы еншіде жоқ", – деді әкім.
Ауыл тұрғындары мәселені облыс әкіміне тікелей жеткізбек. Олардың айтуынша, жергілікті биліктің жаңа мектеп салу жөніндегі уәдесіне сенім аз.