Қазақстан Әзербайжан үшін негізгі туристік нарықтардың біріне айналды. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Әзербайжанға Қазақстанның 62 079 азаматы барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға көп. 2025 жылдың алғашқы жеті айында бұл көрсеткіш 58 841 адам болған. Бұл туралы Әзербайжанның Туризм бюросы Алматыда өткізген роуд-шоу барысында белгілі болды.
Шара барысында Әзербайжан елінің туристік мүмкіндіктерін таныстырылды. Айта кетейік, Бұл – Әзербайжан Туризм бюросының Қазақстандағы роуд-шоуының екінші кезеңі. Бұған дейін іс-шара 21 тамызда Шымкентте өткен.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Әзербайжанның туристік индустриясы өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, жаңа іскерлік байланыстар орнату және Әзербайжанды қазақстандық туристер үшін жыл бойы саяхаттауға қолайлы бағыт ретінде таныту. Іскерлік бағдарлама барысында Әзербайжанның туристік мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушыларға елдің негізгі туристік өнімдері мен бағыттары ұсынылды.
Атап айтқанда, мәдени-танымдық және гастрономиялық туризмге, Каспий жағалауындағы демалысқа, сауықтыру және тау шаңғысы курорттарына, белсенді демалысқа, отбасылық саяхаттарға және іскерлік іс-шаралар өткізу мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Таныстырылымнан кейін B2B кездесулер ұйымдастырылды. Оның барысында Алматыдағы туристік компаниялар Әзербайжанның туризм индустриясы өкілдерімен тікелей келіссөздер жүргізіп, жаңа ұсыныстармен танысып, ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Осылайша, 2026 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстан Әзербайжанға келетін туристер саны жөнінен елдің ең ірі бес нарығының қатарына кірді.
Туристік ағынның өсуіне екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының кеңеюі де әсер етіп отыр. Қазір Azerbaijan Airlines Бакуден Алматы, Астана, Ақтау, Атырау және Шымкентке тікелей рейстер орындайды. Баку мен Алматы арасында аптасына 11 рейс бар. Сонымен қатар Air Astana Баку – Алматы және Баку – Атырау бағыттарында рейстер орындайды. FlyArystan Баку мен Ақтауды байланыстырады. Ал 16 қыркүйектен бастап AZAL Баку – Ақтөбе бағыты бойынша аптасына үш рейс орындауды жоспарлап отыр.
Қазақстан азаматтары Әзербайжанға визасыз бара алады. Тікелей әуе қатынасы мен визасыз режим елді қазақстандықтар үшін қысқа сапарларға да, ұзақ демалысқа да қолайлы бағыттардың біріне айналдырып отыр.
Әзербайжан туристерге Бакудің заманауи қалалық ортасы мен тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық асханасын, Каспий теңізіндегі жағажай демалысын, тау бағыттары мен курорттарын ұсынады. Танымал бағыттардың қатарында Баку, Шеки, Габала, Шахдаг және Нафталан бар.
Шымкент, Алматы және Астанада роуд-шоу өткізу – Әзербайжан Туризм бюросының Қазақстанның туристік индустриясымен байланысын нығайтып, екі ел арасындағы өзара туристік ағынды арттыруға бағытталған жұмысының бір бөлігі.
Каспийдің арғы бетіне саяхат: Қазақстандық туристерге Әзербайжан несімен қызық