"Балаларды инемен қорқытты". Шымкенттегі балабақшада тәрбиешіге қылмыстық іс қозғалды

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Шымкенттегі балабақшада тергеу басталды.

Шымкент қаласындағы №59 "Айша" мемлекеттік балабақшада балаларды инемен қорқытты деген күдікпен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырып, ата-аналардың наразылығына себеп болды. Бейнебақылау камерасынан алынған кадрларда тәрбиешінің қолында шприцке ұқсас ине ұстап, балаларды қорқытқаны байқалады. Сондай-ақ мектепалды топтағы тәрбиеленушілерге психологиялық және физикалық қысым көрсетілгені жөнінде деректер тіркелген.

Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, оқиға Тұран ауданында орналасқан №59 "Айша" бөбекжай-балабақшасының "Бәйтерек" мектепалды тобында болған. Тексеру нәтижесінде тәрбиешінің кәсіби әдеп нормаларын өрескел бұзғаны анықталған.

"Оқиғадан кейін шұғыл түрде ведомствоаралық кеңес өтті. Оған прокуратура, полиция, білім және денсаулық сақтау салаларының өкілдері, балабақша әкімшілігі мен ата-аналар қатысты. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар талқыланды", – делінген хабарламада.

Қалалық полиция ата-аналардың арызы негізінде тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары білім басқармасына балабақша басшылығын уақытша қызметтен шеттету және аталған тәрбиешіні жұмыстан босату жөнінде ұсыныс енгізді. Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі.

Серіктестер жаңалықтары