Тікелей эфир

Балабақшалар өз ғимаратына мемлекеттік туды орнатуға міндеттеледі

Сондай-ақ, енді мектеп, ЖОО және өзге де білім беру мекемелерінің ғимаратында ту ұдайы ілініп тұруы тиіс.

ҚР мемлекеттік туын пайдалануды кеңейту аясында бірқатар жаңашылдықтар енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ашық НҚА порталында жариялаған Үкімет қаулысының жаңа мазмұнында баяндалған.

Басты жаңалықтардың бірі – Қазақстанның білім беру мекемелері өз ғимаратына енді ұдайы түрде мемлекеттік туды ілуге міндеттеледі. Бұған дейін мұндай міндет тек жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде жүктелетін. Сондай-ақ, тізімге балабақшалар, яғни мектепке дейінгі білім беру мекемелері қосылады.

Құжат жобасында жеке үйлерге мемлекеттік туды ілу тәртібі де айқындалған. Мысалы, балкон не үйдің басқа бөлігінде мемлекеттік туды көлбеу түрде (45 градустан көп болмауға тиіс) орналастыруға рұқсат етіледі. Бірақ, ту жерден 3 метрден төмен емес биіктікте орнатылуы тиіс. Ілуге рұқсат етілетін ту мөлшері – 1х2 метр.

Дегенмен, үй-жайына мемлекеттік тұрғындар бұл оларға үлкен жауапкершілік жүктейтінін де ұмытпауы керек. Өйткені, туды қорлау жайттарына қатысты қатаң жаза бар.


Оқи отырыңыз: Президент: Әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз


Мемлекеттік туды қорлау фактілеріне мыналар жатады:

  • физикалық түрде залал келтіру (жырту, жағу, өртеу, қасақана жерге тастау, таптау, қоқысқа лақтыру);
  • коллаждар жасау арқылы мемлекеттік туды қорлау, тыйым салынған және мақсатқа сай емес жерлерде пайдалану, әлеуметтік желілерді қоса алғанда мемлекеттік туды көпшілік алдында мазақ ету, балағаттау.

Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 27 қыркүйекке дейін. 

Серіктестер жаңалықтары