Тікелей эфир

Ажар Ғиният: 2025 жылға дейін жаңа 500 медицина ұйымы салынады

Биыл 20, келер жылы 37 нысан пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бес жылда 500 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынатынын мәлімдеді.

"Президент тапсырмасымен тірек және спутниктік елді мекендерді дәрігерлік амбулаториялар және фельдшерлік-акушерлік пунктілермен қамтамасыз ету үшін 69 ауылда амбулаториялық-емханалық ұйымдар ашу қажет деп шештік. Былтыр 12 нысан пайдалануға берілсе, биыл 20 нысанды, ал келер жылы 37 нысанды ашу жоспарда бар. 2025 жылға дейін 500 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын салу көзделіп отыр", – деді Ажар Ғиният.


Оқи отырыңыз: "Жалақы тағы 30 пайыз өседі". Дәрігерлерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?


Министрлік барлық денсаулық сақтау ұйымы, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтері қаншалықты медициналық жабдықтар мен бұйымдар, дәрілік заттармен қамтамасыз етілгенін тексерген. Медицина техникаларын сатып алуды қаржыландыру мәселесі қарастырылып, барлық аурухана қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. 

Ажар Ғиният Нұр-Сұлтан мен Алматыда салынып жатқан екі ғылыми инновациялық көп бейінді клиника келер жылдың басында пайдалануға берілетінін айта кетті. 

"Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін пайдалана отырып 20 аурухана салуға қатысты президенттің тікелей тапсырмасы қайта қаралып, 8 жобаға дейін оңтайландырылды. Түркістан, Петровпавл, Көкшетау және басқа да облыс орталықтарында бес университеттік, үш көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр", – деді министр.

Серіктестер жаңалықтары