Тікелей эфир

"Жалақы тағы 30 пайыз өседі". Дәрігерлерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Үздік дәрігерлерге "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағын беру жоспарланған.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау мәселелері бойынша тапсырмаларын орындау барысын баяндады.

"Мемлекет басшысы жалпы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға көп көңіл бөледі. Осыған байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 2022 жылы дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен 30 пайызға, орта медицина персоналының жалақысы 20 пайызға артты. 2023 жылы да олардың жалақысын дәл осылай өсіру жоспарланып, қаражат қарастырылды", – деді Ажар Ғиният.


Оқи отырыңыз: Медициналық мекемелер рұқсатсыз тіркесе, не істеу керек?


Министр медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді қамтамасыз ету мақсатында кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін заң жобасы әзірленгенін, осы айда мәжілістің қарауына жіберілетінін айтты.

Заң жобасы Қылмыстық кодекстің 317-бабындағы қылмыстық нормаларды ізгілендіру жөніндегі нормаларды көздейді. Яғни, айыппұл санкцияларын жеңілдету, соттың қарауына бас бостандығынан шектеу бойынша балама енгізу, бас бостандығынан айыру мерзімдерін қысқарту қарастырылған. Заң аясында пациенттердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіптік жауапкершілікті арттыру, оларды сақтандыру, сонымен қатар білімді, еңбек сіңген дәрігерлерге "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағын белгілеу көзделіп отыр.

Серіктестер жаңалықтары