Азаматтарға "жоғары жалақы" ұсынып, есірткі бизнесіне тартқан халықаралық желі ұсталды

Фото: Рolisia.kz
Фото: Рolisia.kz
24 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі бірнеше елдің құқық қорғау органдары бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операция барысында азаматтарды халықаралық есірткі бизнесіне тартумен айналысқан қылмыстық желінің жолын кесті, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі. 

Операция бір жылдан астам уақыт жүргізілген. Оған Украина мен Албанияның құқық қорғау органдары, Қазақстан және Украина прокуратуралары, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы қатысқан.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ азаматтарды заңды жұмысқа орналастыруды сылтау етіп іздеген. Олар call-орталық операторлары, HR-менеджерлер, химиктер, курьерлер, есірткі жасырушылар, логистер мен қойма қызметкерлері ретінде жұмыс ұсынған. Кандидаттарға оңай жұмыс пен жоғары табыс уәде етілген. Алайда жұмысқа кіргеннен кейін олар халықаралық есірткі бизнесіне тартылған.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, қылмыстық құрылымда әр адамның рөлі нақты бөлінген. Ұйымды көршілес елдің 36 жастағы азаматы басқарған.

"Тартымды көрінетін бос жұмыс орындарының артында адамды есірткі бизнесіне тарту тұрған. Ал адам бұл іске кіргеннен кейін одан шығуға мүмкіндік бермеген", – деді Қуандық Әлжанов.

Тергеу барысында Украинадағы call-орталықтарда адамдарды заңсыз әрекетке тартуға қатысты 26 тінту жүргізіліп, төрт мыңға жуық цифрлық айғақ тәркіленген. Оларды талдау нәтижесінде Telegram желісіндегі 31 есірткі дүкені, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар және оған тартылған жүздеген адам анықталған.

"Мамыр айында Киев пен Киев облысында Қазақстан ІІМ өкілдерінің қатысуымен 70 тінту жүргізіліп, азаматтарды қылмысқа тартқан call-орталықтардың жұмысы тоқтатылған. Қылмыстық қоғамдастықтың 27 белсенді мүшесі анықталған. Шілде айында Қазақстан аумағында украиналық құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тағы 15 тінту жүргізілді. Оның барысында есірткі саудасына қатысы бар желі мүшелері ұсталды. Операцияның қорытынды кезеңінде Украинаның бес облысы мен Киев қаласында 35 тінту жүргізілген. Нәтижесінде халықаралық желінің азаматтарды қылмысқа тартумен айналысқан екі буыны жойылды", – делінген хабарламада.

Арнайы операция барысында:

  • 24 келі синтетикалық есірткі қоспасы;
  • 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылым;
  • дайын күйінде өлшеп салынған 2 мыңға жуық пакет тәркіленді.

Жеті адам ұсталып, қылмыстық схемаға қатысқан тағы тоғыз адамға айып тағылған.

ІІМ мәліметінше, тәркіленген заттардың өзі мыңдаған есірткі дозасының таралуына жол бермеген. Қазір құқық қорғау органдары халықаралық желінің ұйымдастырушылары мен оған қатысы бар барлық адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

ІІМ азаматтарды интернеттегі "оңай әрі жоғары табыс" туралы күмәнді жұмыс ұсыныстарына сақ болуға шақырды. Ведомство мұндай бос жұмыс орындарының артында халықаралық есірткі желісі тұруы мүмкін екенін ескертті.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау