"Азамат төлемесе – жүйеден шығады, мемлекет төлемесе – ештеңе болмайды". Аймағамбетов МӘМС жүйесін тағы сынға алды

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Депутаттың есебінше, денсаулық сақтау жүйесі 2024 жылы 500 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылған.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі олқылықтар туралы жазды. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда ел азаматтары мен жұмыс берушілер сақтандыру жарнасын аудару бойынша міндетін дұрыс орындап отырғанымен, мемлекет өз міндетін жүзеге асырмай отыр. 

"МӘМС жүйесінде әрбір азамат ай сайын жалақысынан 2% жарна төлейді. Жұмыс беруші де әр қызметкері үшін қосымша 3% аударады. Бұдан бөлек, 15 санаттағы азаматтар бар: зейнеткерлер, балалар, студенттер және тағы басқалар. Олар үшін жарнаны мемлекет төлеуі тиіс. Заң бойынша – орташа жалақының 2%-ы көлемінде. Азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақтылы төлейді. Төлемесе – бірден жүйеден шығарылады, медициналық көмек тоқтайды. Алайда, Қаржы министрлігі жарнаны орташа емес, медиандық жалақыдан есептейді. Бұл – заң бұзушылық", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов. 


Оқи отырыңыз: МӘМС: Сақтандырылмаған азаматтар сақтандыру мәртебесін қалай ала алады


Оның есебінше, денсаулық сақтау жүйесі жыл сайын орта есеппен 250 млрд теңге жоғалтып отыр. Ал 2024 жылы тіпті осы азайтылған жарнаның жартысы ғана төленіп, денсаулық сақтау жүйесі 500 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылған. 

"Бұл жай ғана сан емес. Осы қаражаттың түспеуіне байланысты емханаларда ұзын-сонар кезек қалыптасып, анализдер мен дәрі-дәрмек қолжетімсіз болып отыр. Мыңдаған адам медициналық көмекті уақытылы ала алмай отыр. Бұл қалай болғаны? Азамат төлемесе – жүйеден шығарылады. Ал мемлекет төлемесе – ештеңе болмайды, ешкім жауап бермейді. Заң бәріне ортақ болуы керек", – деп жазды мәжіліс депутаты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары