Прямой эфир Новости спорта

"Аязға шыдамаған". Петропавлда құбыр жарылып, бірнеше тұрғын үй сусыз қалды

Мамандардың айтуынша, істен шыққан құбыр осыдан 13 жыл бұрын ғана орнатылған.

Петропавлда 13 жыл бұрын ғана салынған құбыр жарылып, бірнеше көпқабатты үй мен әлеуметтік нысан сусыз қалды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Арна тілшісінің айтуынша, қаланың орталығындағы диаметрі 800 миллиметрді құрайтын су құбыры жарылып кеткен. Соның салдарынан бірнеше мектеп пен әлеуметтік нысан судан ажыратылған. Ал жоғары оқу орнына тиесілі бассейннің жұмысын уақытша тоқтатуға тура келген. Кейбір білім мекемесінде сабақ уақыты қысқартылса, енді бірі суды өз күшімен жеткізіп, қамтамасыз етуге тырысып жатыр.

"Кеше апат болғаннан кейін суға тапсырыс беріп, қамданып қойдық. Сондықтан бүгінше су жетеді. Асхананы да, санитарлық орындарды да қамтамасыз еттік. Оқу процесі штаттық режимде", – дейді Мағжан Жұмабаев атындағы колледж директорының орынбасары Нина Рысева.

Апат орнында жұмыс істеп жатқан мамандардың айтуынша, істен шыққан құбыр осыдан 13 жыл бұрын ғана орнатылған. Олар апат осы құбырды орнату кезінде жіберілген қателіктің салдарынан болуы мүмкін екенін айтады.

"Бізге кедергі келтіргені – бір құбырдың екіншісінің ішінде орналасуы. Яғни, ескі құбырдың ішінен жаңасын жіберген. Енді соны қазып, жөндеуіміз қажет", – дейді "Қызылжар су" ЖШС техникалық директоры Арман Сауытов. 


Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы ауылда оқушылар акт залында білім алуға мәжбүр


Арнаның хабарлауынша, бұл дәл осы құбырдың бойындағы екінші апат болып отыр. Осыдан бес жыл бұрын да осы құбыр жарылып, қыстың ортасында бірнеше үй сусыз қалған. Мамандардың айтуынша, қаладағы су құбырларының 57 пайызының тозығы жеткен.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары