Тікелей эфир

Ауыл шаруашылығы техникасының 80% тозған. Президент жылда 8-10 пайызын жаңартуды тапсырды

Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы кезекті жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау маңызды екенін атап өтті. 

Президент ауыл шаруашылығын дамытуда "Ауыл аманаты" секілді бағдарламалардың қажет екеніне тоқталды. 

"Ауыл аманаты" бағдарламасының келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал", – деді мемлекет басшысы. 

Мұнымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұрғанын және тауар нарығында өзгеріс бар екенін айтты. Осы орайда ол өнім өткізу саясатына мән беру қажет екеніне тоқталды. 

"Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Үкімет заңдарға сыни тұрғыда мониторинг жүргізуі керек


 

Серіктестер жаңалықтары