Тікелей эфир

Мемлекет басшысы: Үкімет заңдарға сыни тұрғыда мониторинг жүргізуі керек

Комиссия мүшелеріне осы бағыттағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесіп, адам құқығын қорғау жүйесіндегі басты міндеттерге тоқталды.

"Құқық қорғау органдары және құқық қорғау құрылымдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек. Барлық түйткілді бағыттар бойынша проактивті түрде жұмыс жүргізу қажет. Азаматтардың құқығының бұзылуына жол бермеу және алдын ала болжау тетігін жетілдіру керек. Көп жағдайда бұл міндеттің табысты орындалуы азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға байланысты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау институттары өз төңірегіне сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мамандарын шоғырландыруға тиіс екенін айта кетті.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады


"Сіздер мен құқық қорғау қауымдастығы арасында ашық диалог дамуы керек. Қазір осындай серіктестіктің жетіспейтіні байқалады. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия реформалар барысына баға беру үдерісіне түрлі сарапшыларды белсенді түрде қатыстыруы керек. Халықаралық құрылымдармен өзара қарым-қатынас жасаудың, сондай-ақ еліміздегі адам құқықтарының жай-күйін бағалау үшін серіктестер қолданатын көрсеткіштерді өз тәжірибемізге енгізудің маңызы зор. Комиссия мүшелерін барынша жұмылдыра отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейткен жөн", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру қажет екенін айтты.

"Азаматтар кейбір заңның және басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру қажет екеніне назар аударып жатыр. Яғни Үкімет заңдарға сыни тұрғыда мониторинг жүргізуі керек деген сөз. Бұл ретте жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесі бойынша Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, заң жүзінде бекіту қажет. Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Мәжіліс депутаттарының заң шығаруға бастамашылық жасау құқығы бар. Олар осы құқықты пайдаланып, нормативтік актілерге түзетулер енгізе алады", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары