Тікелей эфир

"Ауыл" партиясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтың барлық түрінен босатуды сұрады

Соңғы үш жылда кәсіпкерлерден мұндай 200-ден астам өтініш түскен.

"Ауыл" партиясының Мәжілістегі депутаты Қарақат Әбден Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуді сұрады. 

Нақты ұсыныс – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босату. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату.

"Салықтың екі түрлі қызметі бар. Оның бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту", – деп түсіндірді мәжіліс депутаты. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды


Оның сөзінше, соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер осы мәселемен айналысатын құзырлы органдарға 200-ден астам өтініш тілектер жолдаған. 

"Еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтарды қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейді. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің 0,5 пайызына да жетпейді. Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді", – деді Қарақат Әбден. 

Серіктестер жаңалықтары