Тікелей эфир

Атыраудың бір бөлігі нәжіс араласқан кәріз суының астында қалды

Атырау қаласының бір бөлігін кәріз суы басты.

Нәжіс аралас су аула мен ондаған баспананың ішіне жайылған. Соның кесірінен қақаған қыста жұрт бірнеше күннен бері жақындарының үйін паналауға мәжбүр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Жұлдыз –1" ықшамауданына орталық кәріз жүйесі тартылмаған, сондықтан нәжіс суын тұрғындар өздері қазып алған шұңқырға төгеді. Құдық қайта-қайта толып кетеді. Бұл жолы лас су жерге сіңбей, ауланы ғана емес, баспананың ішіне де жайылған.

"Айтып-айтып, айқайлап, қызыл кеңірдек жыртылды. Ешкімге керек емеспіз. Ешкім келмейді. Халық, міне, ашулы болып, жиналды. Шыдам бітті. Септик толып кете береді. Оны да апта сайын ақша төлеп, өзіміз сордырамыз", – деді қала тұрғыны Азамат Юсупов.

Қала тұрғыны Амангүл Қанатова үйіе 2008 жылы салғанын айтты.

"Сол үй жер асты суының кесірінен құлап қалды.. Арғы жағында да су толып жатыр", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындар су астында қалды


Қала әкімі бұл мәселеден хабардар. Қала әкімі орталық кәріз жүйесін орнату жұмыстары өткен жылы қолға алынғанын жеткізді. Жобалық құжаттама әлі бітпеген. Осы жылдың тамыз айында бастаған істі аяқтау жоспарланған.

"Бюджеттен қаражат сұрап, мемлекеттік сатып алу конкурсына жібереміз. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз анықталғаннан кейін Жұлдыз ықшамауданының барлық көшелеріне кәріз жүйелері жүреді", – деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін.

Серіктестер жаңалықтары