Атырау облысында бүтін бір отбасының өліміне қатысты іс бойынша жаңа деректер белгілі болды. Жангелдин ауылындағы қылмыстық іс аясында күдікті Сұлтан Сарсемалиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласына жіберілді, деп хабарлайды inform.kz.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіледі. Ол үшін күдікті Алматы қаласындағы сот сараптамалары институты мекемесіне жеткізілген. Сондай-ақ, негізгі күдікті Сұлтан Сарсемалиевке қатысты да кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі таңда Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Күдіктілердің іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жай анықталып, сараптама қорытындылары алынғаннан кейін беріледі.
Қазіргі уақытта Сұлтан Сарсемалиевке қатысты қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды. Атап айтқанда, ол екі немесе одан да көп адамды өлтіру, ұрлық және алаяқтық баптары бойынша күдікке ілінген. Күдікті қазір Атырауда қамауда отыр. Бұған дейін сот санкциясымен ол екі айға қамауға алынған.
Еске салайық, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. 6 қаңтар күні Атырау облысы аумағынан отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денелері табылып, олардың бойында зорлық-зомбылық белгілері, соның ішінде пышақ жарақаттары болғаны анықталған.