Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп түлектеріне аттестат тапсыру рәсімдерін өткізу тәртібіне қатысты ескерту жасады.
Министрдің айтуынша, 17–18 маусым күндері 11-сынып түлектеріне арналған аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі өтеді. Алайда бұл іс-шаралар тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы тиіс.
"Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды", – деді Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, бітіру кештерін өткізу мәселесі әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының бақылауында болады.
Министрлік мектеп түлектерінің қауіпсіздігі мен ата-аналарға артық қаржылық салмақ түсірмеу мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.