Астанадағы Егемен Қазақстан көшесінде Журналистер саябағы ашылды.
Бүгін қазақ журналистикасы үшін тарихи сәт болды деуге болады. Елордадағы Егемен Қазақстан көшесінде Журналистер саябағы ашылды. Арнайы саябақтың ашылуы – елімізде журналистерге көрсетілген құрметтің бір көрінісі деп бағалауға болады.
Осыдан дәл екі жыл бұрын дәл осы маңда Мемлекет басшысының қатысуымен Алаш қайраткерлерінің ескерткіші ашылғаны белгілі. Сол қаламгерлер аллеясына ұласып жатқан журналистер саябағы ұлттық руханияттың сабақтастығын көрсетеді.
"Журналистер саябағындағы сәнді стеллада Қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының баhадүрі Шерағаңның бейнесі қатар орналасуы да ұлылардың ұлы жолының жалғастығын білдірсе керек. Сондықтан елдегі белгілі басылымдар мен ақпарат құралдарының аты қашап жазылған бұл ескерткішті отандық журналистиканың жылнамасы деп бағалауға болады", – деді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Еске салайық, таяуда Қазақстанда 2 ақпан Ұлттық баспасөз күні болып белгіленді.