Астанада такси жүргізушісін балағаттап, оған қоқан-лоқы көрсеткен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сотта анықталғандай, азамат А. елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінің маңында такси қызметін пайдаланған. Сапар аяқталғаннан кейін ол жүргізуші С.-ға балағат сөздер айтып, көліктен шығудан бас тартқан және оған қоқан-лоқы көрсеткен.
"Сот азамат А.-ның әрекетін айналасындағыларға анық құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу деп бағалады. Оқиға полицияда әлеуметтік желідегі Instagram платформасында жанжалдың бейнежазбасы жарияланғаннан кейін тіркелген. Сот отырысында азамат А. өз кінәсін толық мойындады", – делінген хабарламада.
Сот азамат А.-ны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
"Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығын ескерді. Құқық бұзушылық қасақана жасалып, қоғамдық тәртіпті бұзудан, айналасындағыларға құрметсіздік танытудан және өзге тұлғалардың тыныштығын бұзудан көрініс тапқан", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Аталған бап бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5-тен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген. Сот қаулысымен азамат А.-ға 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.