Алматыда демалыс күндері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер өткізілді. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Рейд барысында мото көлік құралдары мен жеке мобильділік құралдарына ерекше назар аударылды.
"Арнайы тұрақтарға 3 мопед, 298 самокат, 1 электр велосипеді және 1 мотоцикл қойылды. Жетісу ауданында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 152 фактісін анықтаған. Оның ішінде көлік құралдарын пайдалану және жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзу деректері бар", – делінген хабарламада.
Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Ғалым Сарғұловтың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының тәртібіне байланысты.
"Біздің міндетіміз – жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың салдарына жол бермеу. Бақылау тұрақты түрде жалғасады. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды және жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерге ерекше назар аударылады", – деді ол.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырды.