Астананың Нұра ауданында тұрғын үй кешенінің құрылыс аумағындағы қаңылтыр қоршау қыз баланың үстіне құлады. Балаға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.
Оқиға "Ою" тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болған. Нысанды "Цесинстрой" ЖШС салып жатыр.
Нұра ауданы әкімдігінің мәліметінше, қаңылтыр қоршау қатты желдің салдарынан құлаған. Оны құрылысшылар өткен жылдың күзінде орнатқан.
"Қоршау орнату кезінде "Фемида" тұрғын үй кешенінің кабельдік желілерінің орналасуы ескеріліп, тұрғындардың ұсынысымен басқа учаскеге ауыстырылған. Оқиға салдарынан зардап шеккен балаға медициналық көмек көрсетілді. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – делінген хабарламада.
Нұра ауданы әкімінің аппараты құрылыс салушыға қауіпсіздік талаптарын сақтау үшін қоршауларды нығайту қажеттігін ескерткен. Оқиғаға байланысты құрылыс учаскесінің бастығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар құрылыс компаниясына аталған учаскеге 20 қыркүйекке дейін фреза материалын төсеу міндеттелді.