Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Астана қаласына жұмыс сапары аясында жаңа спорт нысандарымен танысты, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министр Астана қаласының орталық саябағында салынған жаңа шаңғы базасын аралады. Нысан 2026 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген. Екі қабатты ғимарат бір ауысымда 300 адамды қабылдай алады және 30 жұмыс орны ашылған. База заманауи жаттығу құрылғыларымен жабдықталған, оның ішінде жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін кәсіби тренажерлер бар. Мұнда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, олимпиадалық резервті даярлау орталығының тәрбиеленушілері жаттығады.
Премьер-министр спорт инфрақұрылымын дамыту елдің олимпиадалық әлеуетін күшейтетінін атап өтті. Қазіргі уақытта Қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатқанын айтып, спортшыларға жоғары деңгейде дайындалу үшін сапалы база қажет екенін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 1 951 адам қызылша жұқтырған: үкімет иммундау жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Жаңа базада шаңғы жарысы, биатлон және спорттық бағдарлау дамытылады. Алғашқы кезеңде 180 спортшы жаттықса, болашақта олардың санын 360-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жұмыс сапары қорытындысында үкіметке олимпиадалық резервті даярлау инфрақұрылымын кеңейту бойынша тапсырмалар берілді.
Елімізде бұқаралық спортпен жүйелі айналысатындардың үлесі 44,5%-ға жетіп, спорт нысандарымен қамтамасыз етілу деңгейі 59,6%-ға дейін артқан. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.