Ашық НҚА порталында Астана әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихаттың Астана қаласында жаңа аудан құру туралы шешімінің жобасы жарияланды.
Оған сәйкес, Астананың Алматы ауданын екіге бөлу арқылы жаңа аудан құрылуы тиіс. Қазір Алматы ауданының аумағы 15 471 гектарды құрайтын болса, оның 6953 гектары жаңа ауданға өтеді. Сәйкесінше, Алматы ауданының жаңа аумағы 8518 гектарға тең болады.
"Астана қаласы жаңа ауданының шекарасына 6 953 гектарды беру арқылы жалпы ауданы 8 518 гектар шекара белгіленіп, Астана қаласы "Алматы" ауданының шекарасы өзгертілсін", – делінген шешім жобасында.
Еске салайық, бұған дейін қала мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов Алматы ауданы халық ең тығыз қоныстанған аудан екенін айтқан болатын. Алматы ауданында 400 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда 885 көпқабатты тұрғын үй бар. Олар алты тұрғын үй массивінде орналасқан.
Жаңа ауданның атауы әзірге белгісіз. Дегенмен, қала әкімдігінде өткен талқылауға қатысқан ғалым Тұрсынхан Зәкен жиынға қатысушылар Тұран атауына тоқтағанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Астананың жаңа ауданына қандай атаулар қаралып жатыр