Бүгін Астанада Қазақстан қарулы күштерінде міндетті әскери борышын өтеп жүрген кезінде ауыр жарақат алып, екі жарым жыл бойы өмір үшін күрескен Ербаян Мұхтардың жаназасы оқылды.
2023 жылдың желтоқсанында Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген сарбаз әжетханада басынан ауыр жарақат алып, комаға түскен. Әскери бөлім оның құлап, басын кафельге соққанын мәлімдегенімен, Ербаянның туыстары бұл жауаппен келіспеді.
Ербаян төрт айдан кейін есін жиып, кейін Түркияда ем қабылдады. Қазақстандықтар оның еміне 230 миллион теңгеден астам қаражат жинады. Алайда 2026 жылдың мамыр айының соңында жағдайының күрт нашарлап, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына шұғыл түрде жатқызылған болатын. 23 маусым күні кешке көз жұмды. Бұл туралы оның отбасының мүддесін қорғаған адвокат Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, Ербаянның жүрегі тоқтап қалған.
"Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба тек қоштасу үшін емес. Ербаян осы екі жыл ішінде өмірі үшін күресе жүріп, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасынан кейін әскердегі көптеген мәселе ашық айтыла бастады. Бұрын үнсіз келген ата-аналар өз пікірін білдірді, қоғам талап қоя бастады, ал мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды. Кейде бір адамның тағдыры тұтас жүйені өзгертуге ықпал етеді. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды", – деп жазды Инга Иманбай.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі өлімге ауыр бас-ми жарақатының салдарынан дамыған асқынулар себеп болғанын хабарлады.
"2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды", – деп жазылған министрліктің хабарламасында.
2024 жылдың маусымында Бас әскери прокуратура Ербаянның ісі "Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қарым-қатынас қағидаларын бұзу" бабы бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеген еді. Ал 2025 жылы істі Бас прокуратура өз өндірісіне алған. Бұл туралы адвокат Инга Иманбай хабарлаған еді.
"Бас прокуратура қылмыстық істі толық өз өндірісіне алып, барлық материалдарды жан-жақты қайта зерделейтінін мәлімдеді. Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін бұл іске жаңа серпін беріліп отыр. Енді біз Ербаян Мұхтардың ісінде әділдік орнайтынына, ал Ербаянды осы күнге жеткізген кінәлі адамдардың жауапқа тартылатынына сенеміз", – деп жазған еді ол.
Алайда бүгінге дейін күдіктілер туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
