Астанада қайтарылған заңсыз активтер есебінен 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
"Жобаны жүзеге асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 7 млрд теңге бөлінген. Жаңа білім беру нысаны елорданың Нұра ауданында салынып жатыр. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Мектепті 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған", – делінген хабарламада.
Үкіметтің мәліметінше, бұл ауданда қазір төрт мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Алайда оқушы орындарының тапшылығы сақталып отыр. Жаңа мектеп іске қосылғаннан кейін №84, №85, №89 және №97 мектептердегі жүктеме азаяды.
Жалпы Үкімет қайтарылған активтер есебінен 610 млрд теңгеден астам қаржыға 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Бұл қаражат еліміздің әр өңірінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталады. Соның ішінде білім беру саласында жалпы құны 64,4 млрд теңге болатын 17 жобаны іске асыру жоспарланған.