Тікелей эфир

Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы өтеді. Жеңімпаздар Париж Олимпиадасына ұпай жинайды

Әлемдік жарысқа 86 елден 400-ден астам спортшы қатысады.

Астанада 10-12 мамыр күндері дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысы өтеді. Олимпиадалық рейтингте ұпай беретін бұл жарыста Қазақстан намысын ұлттық құрама көшбасшыларымен бірге жас спортшылар да қорғайды.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін бұл жарысқа 86 елден 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Жарысқа кіру тегін.

"Соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шетелдік спортшылардың алғашқы легін де күтіп алдық. Биыл жарысымызға 90-ға жуық елдің спортшылары тіркелді. Олардың қатарында дзюдо спортының майталманы, үш дүркін Олимпиада чемпионы, 12 дүркін әлем чемпионы Тедди Ринерден бастаған Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Акира Соне, Рафаэля Сильва, Баул Ан, әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, Grand Slam жеңімпаздары бар. Қазақстан сапынан тәжірибелі спортшыларымызбен қатар жас буын да бақ сынамақ", – деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев. 

Qazaqstan barysy Grand Slam турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды. 

Қазақстанда 2015 жылы дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында әлем чемпионаты, 2013-2016 жылдары дзюдодан әлемдік Гран при жарыстары, 2019 жылы дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты, 2022 жылы дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты, 2023 жылы дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы өткен болатын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары