Астанада жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға өтінім қабылдау 7 қазанда басталады. Несие мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарнасы 10% болады.
Өтінімді Baspana Market сайтындағы жеке кабинет арқылы беруге болады.
Бағдарламаға тек тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар олардың "Отбасы банкте" депозиті және бастапқы жарнаға қажетті 10% қаражаты болуы керек.
Бағдарлама аясында Астанадағы Сарайшық ауданындағы А9 көшесінде орналасқан жаңа тұрғын үй кешенінен 562 пәтер ұсынылады. Оның ішінде 166 бір бөлмелі, 276 екі бөлмелі, 80 үш бөлмелі және 40 төрт бөлмелі пәтер бар. Барлық пәтер таза әрлеумен беріледі. Бір шаршы метрдің бағасы – 332 916 теңге.
Пәтерлердің 70%-ы жеңілдік санаттарына жататын азаматтарға бөлінеді. Олардың қатарында I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар және жесір әйелдер бар.
Тағы 20% пәтер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға резервке қойылған. Егер бұл санат бойынша қатысушылар болмаса, пәтерлер басқа жеңілдік санатындағы азаматтарға бөлінеді.
Қалған пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған басқа азаматтарға беріледі.
Іріктеу тұрғын үй кезегіне қойылған күнге қарай жүргізіледі.