Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында президент Қазақстанда үстел теннисінің дамуына қолдау көрсеткені үшін Петра Сёрлингке алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық федерациямен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға Қазақстан ерекше мән беретінін айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, ел жастарының үстел теннисіне қызығушылығы артып келеді. Қазір Қазақстанда 260 мыңнан астам адам осы спорт түрімен тұрақты түрде айналысады. Сондай-ақ спорт резервін даярлау және жарыстар өткізу үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы Астанада өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатын ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін ITTF президентіне ризашылығын білдірді. Бұл Орталық Азияда үстел теннисінен өтетін алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Кездесуде жарыстың Қазақстанда және жалпы аймақта осы спорт түрінің дамуына жаңа мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Өз кезегінде Петра Сёрлинг Мемлекет басшысына үстел теннисіне көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтып, федерацияның аталған спорт түрін одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті.