2022 жылдың үшінші тоқсанында халықтың табысы 245,5 мың теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,5 пайызға артқан. Бұл туралы finprom.kz сайты хабарлады.
Сайт дерегінше, өңірлер арасында ең көп табыс елорда тұрғындарында тіркелген. Астаналықтар жан басына шаққанда орта есеппен 339 мың теңге табады. Бұл былтырмен салыстырғанда 15,7 пайызға көп.
Екінші орында 332,3 мың теңге табыспен Қарағанды облысының тұрғындары тұр. Олардың табысы бір жылда 21,4 пайызға артқан.
Үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Мұнда тұрғындар орта есеппен 312,7 мың теңге жалақы алады, Жылдық өсім – 31,8 пайызды құрайды.
Ал ең төменгі табыс Түркістан облысында тіркелген. Олар жан басына шаққанда айына орта есеппен небәрі 156,4 мың теңге табады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 15,6 пайызға көп, бірақ Қазақстан Республикасы бойынша орташа көрсеткіштің үштен бірінен аз.
Оқи отырыңыз: Табысы төмен қазақстандықтар қалай баспаналы бола алады?
Қазақстандықтар табысының басым бөлігін (76,3%) еңбек қызметінен табады. Оның ішінде 157,2 мың теңгесі – жалдамалы жұмыстан, 23,2 мың теңгесі өзін-өзі жұмыспен қамтудан және кәсіпкерлік қызметтен түседі.
Әлеуметтік аударымдар бір жылда 3,3 пайызға ғана өсіп, 55,1 мың теңгені құрады. Оның 44,8 мың теңгесі – зейнетақы, 9,1 мың теңгесі – жәрдемақы, 1 мың теңгесі – шәкіртақы, 239 теңгесі – АӘК және тұрғын үй көмегі болды.
Оқи отырыңыз: Еңбекақы калькуляторы. Мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің айлығы қанша?
Сонымен қатар елімізде туыстары мен таныстарынан алынатын материалдық көмек және алимент 6,2 пайызға артып, 5,5 мың теңгеге жеткен.