2026 жылғы 8 мамырда Астана – Франкфурт бағыты бойынша орындалған KZR921 рейсі кезінде Air Astana әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағымен авиациялық оқиға тіркелді, деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Ұшақ Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін экипаж қозғалтқыштардың бірінің істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялаған. Осыған байланысты экипаж Ақтөбе қаласындағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдаған.
"Әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде төрт бала мен бір нәресте, сондай-ақ экипаждың тоғыз мүшесі болған. Ұшақ Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:34-те штаттық режимде қонды. Экипаж әуе кемесінің жедел пайдалану жөніндегі анықтамалығында көзделген рәсімдерге сәйкес әрекет еткен. Қонғаннан кейін ұшақ тұрақ орнына өздігінен жеткен. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әуежайдың авариялық-құтқару және жерүсті қызметтері жұмылдырылған, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, авиациялық оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болған. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе ұшақтың зақымдануы туралы ақпарат тіркелмеген.
Оқиға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің 2017 жылғы №505 бұйрығына сәйкес ауыр инцидент ретінде жіктелді. Аталған жағдайды Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті тексереді.
Алғашқы тексеру шараларын жүргізу және ақпарат жинау үшін оқиға орнына департамент қызметкерін жіберу жоспарланып отыр.