Қазақстан құрылысшыларының құрметіне бой көтерген тас мүсіннің маңына төселген тастарды шөп басып, маңайына егілген қарағай мен шыршалар қурап тұр. Тақтаға жазылған құрылысшылардың есімінің әріптері де түсе бастаған. Әлдекімдер қараусыз қалған ескерткіштің жан жағынан қоршаумен жауып тастап, айналасына қоқыс қалдықтарын төгіп тастаған. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Елорда билігі аумағы күтім көрмеген ескерткіш туралы мүлдем хабарсыз болып шықты.
Ескерткіштің авторы Жамбыл Мелдебай ескерткішті өзінің және өзі сияқты құрылысшы-демеушілердің қаржысына тұрғызған. Оны орнату үшін әкімдік жер бермеген соң, қомақты қаржыға сатып алып, ескерткіш пен тақтаны орнатуға 60 миллион теңгеден артық қаражат жұмсаған. Енді тағы қосымша жер телімін алып, соның жанынан музей салып, қалаға сыйға тартайын десе – билік тарапынан қолдау көрмей отыр. Ол қала билігіне керексіз болған нысанды үш жыл бойы шамасы келгенше өзі күтіп-баптап отырғанын айтты.
"Біз – құрылысшылар жиналып, музей мен ескерткіш орнатып береміз десек – Үкімет тарапынан қолдау жоқ. Ал әкім бізді қабылдамайды, жер бермейді", – деді "Бәйтерек" Астана қалалық құрылысшылар одағының президенті Жамбыл Мелдебай.
Қала билігі жан-жағына зәулім үйлер салынып, маңайы құрылыс қалдықтарына толып қалған ескерткіш бар екенінен бейхабар. Ол жерде мемлекеттің қорғауында болуы тиіс ешқандай ескерткіш жоқ екендігін, сондай-ақ құрылысшылар тас мүсінді салуға ешкімнен рұқсат сұрамағанын, әрі қаланың иелігіне тапсыру туралы өтініш бермегенін мәлімдеді.
"Жекеменшік жерде тұрғаннан кейін әкімшілік ол жерге абаттандыру жұмысын жасай алмайды. Егер ескерткіш иелері сол жеке меншік конструкция тұрған жердегі әкімдікке жүгінсе және көпшіліктің қолданысына берілсе ғана әкімдік өз қарауына алады", – деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.
Оқи отырыңыз: Әлемде Абайға арналған қандай ескерткіштер бар?