Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған жобасы биылдың І тоқсанының соңына дейін үкімет қаулысымен бекітіледі. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабынан белгілі болды.
Жалпы, Астана агломерациясына Астана және Қосшы қалаларынан бөлек, 45 ауылдық елді мекен енеді. Олардың алтауында тұрғындар саны 100-ге де жетпейді. Олар: Жайнақ станциясы, Сарыадыр, Жабай, Ақжар ауылдары және №102, №41 разъездер.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ауылдық елді мекендердің көбіне ортақ мәселелер – инженерлік инфрақұрылымның болмауы және жұмыс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі.
Мысалы, 11 ауылдық елді мекенде мектеп, 20-сында балабақша мен медициналық мекеме жоқ. Астананың қоспағанда, 46 ауылдық елді мекенде 41 мектеп жұмыс істейтін болса, оның ішінде 7-уі – Қосшы қаласында.
"Ауылдық округтердің үш тобы анықталды: белсенді өсіп келе жатқан, дамып келе жатқан және тоқырау. Ауылдық округтердің әрбір тобы дамудың жеке тәсілін талап етеді", – деді Жеңіс Қасымбек.
Оқи отырыңыз: Қосшыда жер учаскесін сатып алғысы келген кәсіпкерлер әкімшілік кедергілерге тап болған