Тікелей эфир

Әскерге шақырылған 80 мыңнан астам қазақстандықтың 10 пайызының денсаулығы борышын өтеуге жарамайды

Биыл көктемде әскерге шақырылған сарбаздар бүгінде түгел екпе алған.

Шақырту алған 80 мыңнан астам азаматтың 10%-ының денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамайды. Олар негізінен ішкі ағза, хирургиялық, неврологиялық және көз ауруларына байланысты әскерге бармайды. Бұл туралы ҚР Қарулы күштері бас штабының Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бағыт аға офицері Руслан Тапашев мәлімдеді. 

"Әскерге шақыру үшін бірінші талап – деннің сау болуы. Жағдай түсініктірек болуы үшін биылғы көктемдегі әскерге шақырту нәтижесінен статистика келтірейін. Медициналық тексеруден 80 мыңнан астам азамат өтті. Солардың 80%-ы – әскерге жарамды. 10%-ы денсаулық жағдайына байланысты ем алып жатқандықтан, борышын өтеу мерзімі кейінге қалдырылды. Ал қалған 10%-ының денсаулығы әскерде қызмет етуге жарамайды. Олар негізінен ішкі ағза, хирургиялық, неврологиялық, көз ауруларына байланысты мерзімді кейінге шегеріп отыр", – деді Руслан Тапашев. 


Оқи отырыңыз: Әскердегі сарбаздар тамағына бөлінетін қаражат 40% өсті. Рационға қымыз, шұбат пен құрт қосылады


Мұнымен қатар, Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов сарбаздардың пандемия кезінде қалай жаттығатынын түсіндірді. Айтуынша, жаттығу алдын ала ойластырылған нақты алгоритм бойынша жасалады.

"Азаматтар әскерге шақырылған кезде ПТР-тест тапсырады, термометрлік бақылаудан өтеді. Келе салысымен екі аптаға карантинге жабылып, соңына дейін екінші рет ПТР-тест тапсырады. Барлығы ұйымдасқан түрде жүзеге асады. Арнайы санитарлық постылар бар. Әр сарбаз дене қызуы көтерілсе, жағдайы нашарласа, не істеу керегін жақсы біледі. Міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтайды. Бөлмелер тәулігіне кемінде 2 рет тазаланады", – деді ол. 

Сондай-ақ, Сәкен Жүсіпов екпе салдыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанына тоқталды. Дәл қазір ішкі құрамның 99%-ы екпенің І компонентін, 96%-ы ІІ компонентін салдырған. Қарсы көрсеткіштері бар мен соңғы бірнеше айда коронавируспен ауырып шыққандарды қоспағанда сарбаздар 100% екпемен қамтылған. 

Еске салсақ, әскердегі сарбаздар тамағына бөлінетін қаражаттың 40% өскені туралы хабарлаған едік. Рационға қымыз, шұбат пен құрт қосылады.

Серіктестер жаңалықтары