Тікелей эфир

Әскердегі сарбаздар тамағына бөлінетін қаражат 40% өсті. Рационға қымыз, шұбат пен құрт қосылады

Әскери тамақ бағасы 1 225 теңгеден 1 713 теңгеге дейін көтерілді.

Республикалық бюджеттен әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар тамағына бөлінетін сома 40%-ға көбейді. Сондай-ақ, күнделікті рационда қымыз, шұбат және құрт болады. Бұл туралы ҚР Қарулы күштерінің бас штабының Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов мәлімдеді. 

"Өткен жылы Қорғаныс министрлігі осы мәселені тереңінен қарастырғанын нақты айта аламын. Мұның алдында 5 жыл бойы әскердегілердің тамағына қатысты ешқандай өзгеріс болмаған еді. Осы орайда басқа қорғаныс құрылымдарымен бірге әскери тағамдар жасалатын өнімдердің орташа бағасына арнайы талдау жүргізілді. 2020 жылы республикалық бюджетті үйлестіру комиссиясы сарбаздардың тамағына жұмсалатын соманы 40% өсіруді қолдады. Осылайша әскери тамақ бағасы 1225 теңгеден 1713 теңгеге дейін көтерілді", – деді Сәкен Жүсіпов. 


Оқи отырыңыз: Биыл қазақстандық 33 мың азамат әскерге барады. Болашақ сарбаздар нені білуі тиіс?


Сондай-ақ, Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бағыт аға офицері Руслан Тапашев арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде рационға ұлттық асхана тағамдарының қосылатынын айтты. 

"Әскердегі азаматтар тамағының құнарлылығын жақсарту үшін Қазақ тағамтану академиясымен бірге жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұлттық асхананың ерекшеліктері ескерілді. Күнделікті рационға қосымша қой, жылқы, түйе, қаз, үйрек және түрлі балық етін қосамыз. Бұдан өзге құрт, қымыз, шұбат қосу жоспарланып отыр", – деді Руслан Тапашев. 

Серіктестер жаңалықтары