Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов: Ұлттық ғылыми кеңес құрамының жартысынан астамы ғалымдар болады

Бұрын кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері көп болатын.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі жазбасында қазан айының соңында Үкімет қаулыларымен үш негізгі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Олар: Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидалары мен Базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары.

Министр бұл құжаттардағы 9 өзгеріс туралы жеке-жеке тоқталды:

  • Енді 12 айдан астам мерзімге гранттық қаржыландыру алатын жобалар бойынша аралық есептер тапсырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік стандарттың бюрократиялық нормалары бойынша бірнеше рет енгізілетін түзетулерді ескере отырып, бұрын-соңды жоба жетекшілеріне жыл сайын қазан-қараша айларында гранттық қаржыландыру бойынша аралық есептерді тапсыру үшін төрт апта қажет болатын. Ендігі кезекте 40 беттен тұратын есеп жазып, тапсырмай-ақ жоба туралы қысқаша мәліметтері бар сауалнаманы толтыруға жарты сағат жеткілікті.
  • Конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімі 145 жұмыс күнінен 92-ге дейін қысқартылды. Бұл хабарландыру шыққаннан бастап шешім қабылдауға дейінгі барлық кезеңді қоса алғандағы мерзім.
  • Конкурстық өтінімдерге қосымшалардың саны 12-ден 5-ке дейін азайтылды. Ендігі кезекте қосымшалардың санын бірге дейін қысқарту жоспарда бар.
  • Егер өтінім берген кезде форс-мажор жағдайлары орын алса, онда үш күннің ішінде барлығын дерлік өзгертуге болады (өтініш беруші ұйымнан басқа).
  • Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жеке Ұлттық ғылыми кеңес құрылады. Оның құрамына негізінен экономиканың нақты секторы мен венчурлік бизнестің өкілдері, маркетологтар, тәуекел-менеджерлер, ірі инвестициялық жобалардың қатысушылары, қаржы сарапшылары және тағы басқалар кіреді.
  • Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің Әдеп кодексі бекітілді. Оны бұзу кеңестен шығарып жіберуге негіз болып табылады.
  • Енді Ұлттық ғылыми кеңес құрамындағы ғалымдардың саны көп болады, яғни 50%-дан астамы ғалымдардан құралады. Бұрын ереже бойынша Ұлттық ғылыми кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері көп болатын. Бұл жекелеген жағдайларда Ұлттық ғылыми кеңес жұмысын қиындататын еді.
  • Ғалымдарға елеулі қаржылық еркіндік беріліп отыр. Осылайша, жобаға бөлінген қаражат үнемделген және (немесе) пайдаланылмай қалған жағдайда ғылыми жетекші оны жалақыға, өзге де қызметтер мен жұмыстарға, материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, жалға алуға, жабдықтар мен техниканы пайдалану шығыстарына дербес қайта бөлуге құқылы. Бұған дейін ғалымдар әрбір ұсақ-түйек үшін Ұлттық ғылыми кеңеске жүгінуге мәжбүр болатын.

"Аталған маңызды түзетулер топтамасы қабылданып, күшіне ене бастады. Алайда, бұл да жеткіліксіз. Ғылым комитетіне процестердің басым бөлігін электрондық форматқа көшіру және барлық процесс пен мемлекеттік қызметтердің толық реинжинирингін жүргізуге, сондай-ақ рәсімдердің мерзімін азайтуға бағытталған тағы бір өзгерістер топтамасын әзірлеп, енгізу тапсырылды", –  деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Серіктестер жаңалықтары