Ақтауда 14 жастағы оқушыны екі жасөспірім аяусыз соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсіріп, өзгелерге жіберген. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, күдіктілер "полицияға арыздансаңдар, тағы ұрамыз" деп қорқытқан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Оқиға түнгі уақытта болған. Туыстарының сөзінше, дүкенге шыққан баланы шамамен 16–17 жастағы екі жеткіншек ұстап алып, телефонын тартып алған. Кейін оны қатты ұрып-соғып, қансыраған күйінде өз үйлеріне апарып, бетін жуып, қайтадан далаға қалдырып кеткен. Жараланған баланы есік алдында тұрғындар байқап, жедел түрде полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Дәрігерлердің мәліметінше, оқушы миы шайқалып, басынан жарақат алған. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, күдіктілер басқа балаларды да қорқыту үшін ұлын әдейі соққыға жыққан.
"Арыз берсең тағы ұрамыз" деп қорқытқан. Мұны өзгелерге сабақ болсын дегендей видеоға түсірген", – дейді анасы.
Жәбірленуші жақ бастапқыда учаскелік полиция арызды қабылдамай қайтарғанын айтады. Тек іс қоғамда резонанс тудырып, қалалық полиция басқармасына жүгінгеннен кейін ғана қылмыстық іс қозғалған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті жанжалға қатысқан барлық тұлғаның анықталғанын хабарлады.
"Мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланады және заңнамада қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар заңды өкілдерімен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді", – деп мәлімдеді ведомство.
Қазір іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданған. Ал жәбірленуші тарап күдіктілерді қамауға алып, қатаң жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.