Қазақстан жолдарында белгіленген салмақ нормасынан асатын ауыр жүк көліктерінің саны көп. 2026 жылдың сегіз айында автоматтандырылған өлшеу станциялары 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылықты тіркеген. Оның ішінде мыңға жуық көлік 200 тоннадан артық жүкпен жүрген, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Компания мәліметінше, 50 тоннадан асатын көліктер бойынша шамамен 139 мың, 100 тоннадан асатын көліктер бойынша 12 мыңға жуық, ал 200 тоннадан асатын көліктер бойынша 1 мыңға жуық дерек тіркелген.
"ҚазАвтоЖол" мамандары көлік құралдарының рұқсат етілген салмақ пен осьтік жүктемеден жүйелі түрде асып жүруі жолдардың мерзімінен бұрын тозуына әкелетінін атап өтті.
"Жол конструкциясы белгілі бір нормативтік жүктемеге есептеліп салынады. Ал көлік құралдарының рұқсат етілген салмақтан жүйелі түрде асып жүруі жолдың тозуын жеделдетеді. Соның салдарынан ойық іздер, ығысулар мен жол жамылғысының деформациялары пайда болып, жөндеуаралық мерзім қысқарады", – дейді мамандар.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе әсіресе жаңадан салынған және қайта жаңартылған автожолдар үшін өзекті. Мемлекет жол инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат жұмсап жатқанымен, артық жүк тиелген көліктердің тұрақты қозғалысы жаңа жолдардың қызмет ету мерзімін қысқартуы мүмкін.
Компания автоматтандырылған өлшеу станцияларынан жалтару әрекеттері де тіркеліп жатқанын хабарлады. Ауыр жүк көліктері кейде АӨС-ті жол жиегі немесе техникалық өткелдер арқылы айналып өтуге тырысады. Жекелеген учаскелерде бақылау нысандарын қорғау үшін орнатылған физикалық кедергілердің бөгде адамдар тарапынан өз бетінше алынып тасталған жағдайлары анықталған. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бері автоматтандырылған өлшеу станцияларының өртенуіне қатысты үш жағдай тіркелген. Олардың себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
"ҚазАвтоЖол" салмақ-габариттік бақылауды күшейту жүк тасымалдаушыларға қарсы бағытталмағанын атап өтті. Компанияның пікірінше, мәселе жүк көлігінің өзінде емес, артық жүк пен ортақ талаптардың сақталмауында.
"Бір рейсте көбірек жүк тасымалдау жекелеген тасымалдаушының шығынын азайтуы мүмкін. Алайда мұндай үнемнің салдары жолда қалады: жол жамылғысы мерзімінен бұрын тозып, оны қалпына келтіруге қосымша қаражат қажет болады", – деп түсіндірді "ҚазАвтоЖол".
Компания автоматтандырылған өлшеу станцияларының желісін дамытып, бақылауды айналып өту әрекеттерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Жүк тасымалдаушыларды белгіленген салмақ және осьтік жүктеме талаптарын сақтауға шақырды.