Ақтөбеде бірнеше ер адам таксиде отырған азаматты күштеп көліктен шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Оқиға бойынша адам ұрлау дерегімен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, 102 арнасына бір азаматтың күштеп көліктің жүксалғышына салынып әкетілгені туралы хабарлама түскен.
"Оқиға сәті жолдан өтіп бара жатқан автокөліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Бұл жазба тергеу барысында негізгі дәлелдердің бірі ретінде пайдаланылған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімшенің қолдауымен күдіктілер мінген Lexus автокөлігін тоқтатып, оларды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға жол үстіндегі жанжал себеп болған. Кейін күдіктілер жәбірленушіні үйінің маңында күтіп, таксиге мінген сәтінде жолын бөгеп, күштеп көліктен шығарып әкеткен", – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.