Құрылыс компаниясының рұқсат құжаты жоқ, үйді заңсыз тұрғызған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жаңа үйге ақша салған салымшылар алдағы жылы қоныстойын тойламақ болған, бірақ олардың жоспары жүзеге аспады. Бұл бес қабатты үй рұқсатсыз салынып жатыр, сондықтан мамандар техниканы әкеліп, көбі бітіп, азы қалған нысанды әп-сәтте қиратып салды.
"Мен 8 миллионға жуық теңге салдым. Қанша қаражат кетті, салымшылар далада қалды. Ақшаны ешкім қайтарып бермейді. Салып беріп жатқан үйді қайтадан бұзып тұр", – деді салымшы Ергешбай Әлмұратов.
Даудың басы алғашқы құрылыс компаниясы салымшыларды тақырға отырғызып кеткенде басталған. Жиналғандардың айтуынша, үйді салуы тиіс болған кәсіпкер сотталып кеткен. Ал үйді салуға кіріскен жаңа компанияның басшысы бір жыл ішінде 9 рет құжатты рәсімдеуге тырысқанын жеткізді.
"Мына үй менің маңдай теріммен, халықтың ақшасына салынды. Бұл үйді бұзып, қайтадан салғанда не өзгереді? Ештеңе де өзгермейді. Мемлекеттік сараптамадан өткізейік. Неге бұзып жатқанын түсінбеймін!", – деді құрылыс компаниясының басшысы Серік Сабырбаев.
Оқи отырыңыз: Шымкенттегі әуежай маңында заңсыз орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттар бұзылып жатыр
Шенеуніктер үй соттың шешімімен бұзылғанын айтады.
"Осы күнге дейін кәсіпкер ешқандай рұқсатнама құжаттарын алған жоқ. Одан бөлек, біздің берген нұсқаманы елеген жоқ. Біз сот органдарына сапасына ешқандай кепілдік бере алмаймыз, сол себепті сот органдарына бұл обьектіні бұзуға талап-арыз жолдадық. Сот шешімімен қанағаттандырылды, заңды күшіне енді", – деді Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.