Ақтау қаласында билік орындарымен келісілмеген жарнамалық шара ұйымдастырған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, Ақтаудағы Каспий теңізінің жағалауында әр сенбі сайын тұрғындар мен қала қонақтарына арналған дәстүрлі би кештері өткізіліп тұрады. Мұндай мәдени-көпшілік шаралардың барлығы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылады. Алайда, әлеуметтік желілерге жасалған тұрақты мониторинг барысында, биылғы 13 маусымда өткен кезекті кеште кәсіпкерлік субъектісінің қала әкімдігімен алдын ала келіспестен, тұрғындарға тегін гүл тарату акциясын өткізгені белгілі болды.
Осы заңбұзушылыққа байланысты Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, аталған кәсіпкерлік нысанына тексеріс жүргізді. Жауапты тұлғаларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік шара қолданылды. Қоғамдық орында рұқсатсыз шара өткізгені үшін кәсіпкерге 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Оқи отырыңыз: Павлодарда өрт кезінде терезеден секірген бойжеткен көз жұмды
"Қалалық әкімдік қоғамдық орындарда кез келген жарнамалық акцияларды, соның ішінде тегін өнімдер, гүлдер, киім-кешек немесе азы-түлік тарату шараларын ұйымдастыру үшін алдын ала уәкілетті мемлекеттік органдардың рұқсатын алу қажеттігін ескертеді. Белгіленген ережелерді сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген хабарламада.