Биыл 17 ақпанда Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде сарбаз Р. Жайғалиев қаза болған еді. Қазір бұл іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бас әскери прокуратура мәліметінше, қайғылы оқиға әскери бөлім командирінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарауынан болған.
"Тергеу барысында бөлім командирі жеке құрамды бақылау және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз ету бойынша жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамағаны анықталды. Соның салдарынан қайғылы жағдай орын алған", – делінген прокуратура хабарламасында.
Әскери прокурорлар сарбаздың өліміне қатысты дәлелдерді жинап, қажет сараптамаларды жүргізген.
Қазіргі уақытта әскери бөлім командиріне қатысты қылмыстық істі әскери сот қарайды.